10 айда Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өсті
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ға жетті. Олардың ағыны көлік және қоймалау саласында 58%-ға, денсаулық сақтау саласында 40%-ға, саудада 38%-ға, білім саласында 18%-ға, ауыл шаруашылығында 8,7%-ға, өнеркәсіпте 8,3%-ға өсті.
Алдын ала қорытындылар бойынша, қаңтар-қыркүйекте республиканың сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға $102 млрд-қа дейін өсті. Экспорт $57 млрд-тан астам болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспортының үлесі – $18 млрд, тауарлар импортының үлесі – $44 млрд-тан астам. Қазақстанның оң сауда балансы $13 млрд-қа тең.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың мәліметінше, 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 98,3%-ға орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджет 10,5 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 5,1 трлн теңгеге толықтырылды. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 99,4%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97,2%-ға орындалды.
Премьер-Министр еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Машина жасау саласы 27%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 42%-ға өсті, мұнай және табиғи газ өндіру есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсім 6%-дан асты, өңдеу өнеркәсібінде өсім 3%-дан жоғары болды.
Тоқыма бұйымдары өндірісінің ұлғаюы есебінен жеңіл өнеркәсіпте 12%-ға жуық айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. Өндірісте пластмасса бұйымдарын өндіру 5,5%-ға, азық-түлік өнімдері 3%-ға және сусындар өндірісі шамамен 2%-ға өсті.
Құрылыс секторында өсу қарқыны жоғары – 12,5%, 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы бойынша сауда 10%-дан астам, байланыс 8% және көлік секторы 7%-ға өсті.
Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.
«Жыл соңына дейін барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуі тиіс. Жеке инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Бұл – біздің басты міндетіміз», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңірлер инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп, жоспарланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.
«Мемлекет басшысы әрбір орта кәсіпорын бойынша өндірісті 2-3 есеге кеңейту міндетін қойды. Жауапты мемлекеттік органдар, әкімдіктер “Атамекен” ұлттық палатасымен бірлесіп, осы тапсырманы іске асыру жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, жалпы жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңа кәсіпорындар құру бағытында бизнесті белсенді қолдау керек.
Премьер-Министрдің сөзінше, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында инфляция деңгейін 10,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге азайту үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені аясында барлық жоспарланған қадамды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі қажет.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы«Жыл соңына дейін 1,5 ай қалды. Экономиканың өсу траекториясын сақтай отырып, барлық нысаналы көрсеткішті қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.