Агротуризмді дамыту 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Өткен жылғы қыркүйектегі Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндады.
Министрдің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласы пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, саланың негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары көрсеткішке жетті.
Соңғы жылы елге 9,2 млн шетел азаматы келді, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Ел ішінде 9,6 млн-нан астам қазақстандық саяхат жасады. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп.
Туризм саласынан бюджетке түскен салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық. Жоғарыда аталған динамика сала дамуының оң үрдістерін айғақтайды.
«Біз 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоғарғы көрсеткішке жеттік. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 787 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артық», — деді туризм және спорт министрі Е. Маржықпаев.
Сонымен қатар осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы оң динамика көрсетіп, үш есеге артып, 177 млрд теңгеге жетті.
Бұған қоса туризмдегі инвестициялық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылады.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша биыл басым туристік аймақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, барлық аймақтарда ең перспективалы даму орындары анықталды. Әр дестинацияда басым туристік аймақтар құру жоспарлануда.
Министрлік туризмде инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына тұрақты негізде мониторинг жүргізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды.
2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталды.
«Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырып, туристік дестинациялардың қолжетімділігіне оң әсер етеді. Экотуризмге сұраныстың артуын ескере отырып, ұлттық саябақтарға бару көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық саябақтарға 2,4 млн-нан астам адам келді», — деді министр.
Бүгінде Қазақстан бойынша 16 визит-орталық жұмыс істейді, оның ішінде 7-еуі ұлттық парктер аумағында орналасқан.
Өткен жылы Алтын-Емел, Шарын және Іле-Алатауы ұлттық парктері жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 3 жаңа визит-орталықпен толықтырылды.
Алдағы жазғы маусым қарсаңында қауіпсіздікті сақтау өте маңызды. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, су айдындары мен таулы жерлерде қауіпсіздікті арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бойынша оң динамика байқалады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 2022 жылғымен салыстырғанда 8 есе ұлғайды, осылайша, жалпы сомасы 800 млн теңгеден астам өтінім мақұлданды. Бұл жобаларға инвестициялалардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асты.
«Жергілікті атқарушы органдарды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды күшейтуге және кәсіпкерлерді тарту бойынша тұрақты негізде белсенді жұмыс жүргізуге шақырамын», — деді Е. Маржықпаев.
Биыл мемлекеттік қолдау шараларының тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Саланы одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан бері Министрлік жаңа бастамаларды пысықтауда. Осындай бастамалардың бірі енгізілді, оның аясында халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдікпен несие беру мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Келесі бастама – фермерлерге өз жерлерінде агротуризммен айналысуға рұқсат беру. Бұл 10 мыңнан астам ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу жөнінде заңнамалық құзыреттер беру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда Инвестициялық штабтың уақытша шешімі шеңберінде осы жылдан бастап әкімдіктер туризм объектілеріне инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде ұлттық парктер аумағында жер учаскелерін шығарусыз іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы бастамаларды заңнамалық деңгейде бекіту үшін депутаттармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.
Визалық-көші-қон режимінің мәселелері туристер тарапынан көптеген шағымдар тудырады. Туроператорлардың хабарлауынша, шетелдік келушілер визалық-көші-қон порталының техникалық ақауларына байланысты виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Соның нәтижесінде туроператорлар шетелдік туристер үшін брондалған билеттерді алып тастауға мәжбүр болды. Осыған байланысты елге келгеннен кейін виза алу бойынша әуежайлардағы көші-қон қызметтерінде персонал санын көбейту және оның порталының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ұсынылады. Бұдан басқа, виза алу рәсімдерін цифрландыру және оңайлату арқылы бұл режимді жетілдіру қажет.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп шетел азаматтарына елде ұзақ уақыт болу құқығын бере отырып, заманауи көшпенділер визасын енгізу мәселесі қаралуда. Бұл шараны енгізуден күтілетін экономикалық нәтиже жыл сайын 3 млрд теңгеден асады.
Қазіргі уақытта Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды. Бүгінгі таңда 82 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, халықаралық әуе қатынасы 108 бағыт бойынша 29 елге орындалады.
«Ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесінің арқасында IndiGo, FlyNas, малайзиялық AirAsia X сияқты шетелдік әуе компанияларының әуе кемелері жиілігі мен түрлері бойынша шектеусіз Қазақстанның бірқатар әуежайына қону құқығына ие болды.
Қазақстан ішінде маршруттар, атап айтқанда Qazaq Air жергілікті әуе компаниясының Самарқанд-Түркістан бағыты іске қосылды.
Сонымен қатар жазғы маусым қарсаңында Қазақстанның курорттық аймақтарына маусымдық рейстердің жиілігі мен санын арттыру мәселесін пысықтау қажет. Мәселен, өткен жылғы рейстердің саны Алакөл көлінде демалғысы келетіндердің ағынын қамтымағанын көрсетеді.
Елдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында Conde Nast Traveler, Wanderlust, Ctrip.com және The New York Times секілді ірі халықаралық платформалардағы жарияланымдарды қоса алғанда, табысты жарнамалық науқандар өткізілді. Сонымен қатар 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы болып жарияланды.
Өткен айда Бейжіңде Туризм жылының ашылуы өтіп, оның аясында екі елдің туристік бизнесінің 300-ден астам өкілінің қатысуымен форум өтті. Жыл ішінде 30-дан астам іс-шара өткізу, оның ішінде Қазақстан туризмінің түрлері бойынша тақырыптық апталарды өткізу, Қытайдың 7 ірі қаласында ТОП-20 отандық дестинациялардың таныстырылымы, сондай-ақ Қазақстанның Қытайдағы туристік әлеуетін ілгерілету жөніндегі басқа да бірқатар ірі жобалар жоспарланған.
Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылының ресми жабылуы биылғы жылдың соңында Алматы қаласында өтеді деп жоспарланған. Жоғарыда айтылған барлық шаралар саланы дамытуға бағытталған. Ұсынылып отырған жаңа бастамалар Мемлекет басшысы атап өткендей еліміздің туристік әлеуетін ашып, оны одан әрі ілгерілетуге ерекше серпін береді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы